Қарағанды облысындағы Саран шахтасында кен опырылып, кенші зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шахта қызметкері басынан жарақат алған. Шахтаның медицина қызметкері жәбірленушіге алғашқы көмек көрсетіп, кейін Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығына жеткізілген.
"Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Дәрежесі туралы қорытынды алғаннан кейін бұл жазатайым оқиға қолданыстағы еңбек заңнамасы шеңберінде тексеріледі. Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін және ҚР Еңбек кодексінің 190-бабы 10-тармағына сәйкес осы оқиғаның мән-жайы мен себептерін арнайы тергеп-тексеру материалдарының көшірмелері ҚР ҚІЖК-нің 156-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін Саран полиция бөліміне жіберіледі", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жәбірленушінің жағдайы туралы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, бастапқыда медициналық мекемеге үш шахтер жүгінген. Олардың екеуі амбулаториялық емделуге жіберілді. Үшіншісі ауруханада, жағдайы ауыр. Оның қажетті медициналық ем алып жатқаны айтылды.
Qarmet АҚ кәсіпорнының баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме беруге уәде берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!