- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысындағы өртті...
Қарағанды облысындағы өртті сөндіру кезінде қаза тапқан құтқарушыны жерлеу рәсімі өтті
Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан өртсөндірушіні жерлеу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жерлеу рәсімі қаладағы орталық мешітте өткен. Өртсөндірушінің жақындарына көңіл айтуға 200-ге жуық адам келген.
Марқұмның жақындарына көңіл айтуға әріптестері, өрт сөндіру бөлімінің басшылығы, облыстық ТЖД өкілдері мен әкімдік қызметкерлері келген.
"Біз үшін ол –батыр. Бізге үлгі болып, ата-анамызға көмектесіп жүретін. Үйінде төрт баланың екіншісі еді. Бала күнінен құтқарушы болуды армандайтын, адамдарға көмектесіп, қоғамға пайдалы болғысы келетін. Өрт сөндіру бөлімінде 10 жылға жуық жұмыс істеді. Ол ерлікпен қаза тапты деп ойлаймын", – дейді марқұмның әпкесі Бибігүл Хамитқызы.
Саран қаласының өрт сөндіру бөлімінің бастығы Марғұлан Ысқақов Хайрат пен тағы үш өрт сөндіруші 5 қазанда дала аумағын күзету бойынша тапсырманы орындауға кеткенін айтты. Келесі күні олар далада өрт ошағын тауып, оны дереу сөндіруге кірісті. Болжам бойынша, сол сәтте желдің бағыты өзгеріп кеткен.
"Жігіттер оқиға орнына жетіп, бізге не болып жатқанын айтты. Хайраттың соңғы айтқаны: "Бәрі дұрыс, уайымдамаңыздар" деді. Бірақ мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған емес. Біздің қызметкерлеріміз кез келген жағдайға дайын, ал Хайрат ең мықты қызметкерлердің бірі еді", – дейді Ысқақов.
Еске салайық, 6 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өз қызметтік міндетін атқару кезінде 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы 1991 жылы туған Хали Хайрат қаза тапты. Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.
Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина