Қарағанды облысындағы өрт: Бас прокуратура ескерту жасады

Бас прокуратура Қарағанды облысындағы өртке байланысты жалған ақпарат тарататындарға ескерту жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдарында және түрлі әлеуметтік желілерде Қарқаралы ауданындағы өртке қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткен. Тексерілмеген мәліметтер жарияланып кеткен.

Мұндай жалған мәліметтер келеңсіз қоғамдық пікірді қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етеді. 

Көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жазаланатын іс-әрекет және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

"Осыған байланысты Қарқаралы ауданының прокуратурасы азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және осы құқықбұзушылықтың жасалуына жол бермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады", – делінген хабарламада.

Еске салайық, Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағында табиғи өрт шыққан болатын. Қатты жел екпіні, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатты.

Қарағанды және Павлодар облыстары, Астана қаласы ТЖД мен жергілікті атқарушы органдарынан, ТЖМ 52859 әскери бөлімінен, "Баянауыл" МҰТП 609 адам және 110 бірлік техника, "Қазавиақұтқару" АҚ мен ҚР Қорғаныс министрлігінен 4 әуе кемесі өртті жою жұмыстарына жұмылдырылды.

Соңғы деректер бойынша Қарағанды облысындағы табиғи өрт оқшауланды. Өрттің ауданы анықталып жатыр. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!