- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысындағы жарылыс:...
Қарағанды облысындағы жарылыс: зардап шеккен бала жалпы палатаға ауыстырылды
Қарағанды облысында болған жарылыста жарақат алған төрт жастағы бала жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Дәрігерлер бас сүйегі зақымдалып, миы шайқалған бүлдіршіннің жағдайы қалыпты дейді. Ал екі ер адам әлі ауыр күйде жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ботақара кентінде жойқын жарылыс қаңтардың 30-на қараған түні болды. 12 пәтерлі үйде қабырғалар құлап, төбесі опырылып, терезелері ұшқан. Жеті пәтердің талқаны шықты. Үйінді астынан бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінде тұратын ерлі-зайыпты өлі табылды. Бес адам құтқарылды. Оның үшеуі ауруханада. Баланың жағдайы бір қалыпқа келді. Ал оңбай күйген екі Өзбекстан азаматы жансақтау бөлімінде жатыр.
Аудан басшылығы баспанасыз қалғандарға жалдамалы пәтерлер қарастырып жатыр. 12 отбасының бірі уақытша туыстарын паналайтын болып шешкен. Ал оқиға куәгерлері апат орнына келген құтқарушылар алдымен қажет құрылғы таппай сандалып, арнайы техникалары жұмыс істемеді деген болатын. Бүгін төтенше жағдайлар департаментінің басшысы ауыл тұрғындарының осы сынына жауап берді.
"Құтқарушылар алдымен барлау жұмыстарын жүргізді. Бір сәтке тыныштық жарияланып, баланың жылағанын анық естідік. Сол арқылы үйінділерді тазалайтын жерді анықтадық. Жеке құрам құтқару жұмыстарына қажетті құрылғылармен толық жабдықталған. Сонымен қатар инженерлік техника да қалтқысыз жұмыс істеді", - деді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан