Қарағанды облысының автожолдарындағы жағдай ауа райының нашарлауына байланысты күрделі болып отыр. Боран мен көктайғақ салдарынан Астана мен Алматы бағыттарын қоса алғанда, алты жол учаскесі жабық күйінде қалып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жабық учаскелерде барлығы 1418 көлік жиналған, оның ішінде: 508 жеңіл көлік, 900 жүк көлігі, 10 автобус. Бұл көліктерде барлығы 2924 адам бар. Жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Олар ыстық тамақ және ауыз сумен қамтамасыз етілді", - делінген Рolisia.kz хабарламасында.
Полиция қажет болған жағдайда жолда қалған адамдар жылыту және түнейтін орындарға жеткізілетінін айтты.
Қазіргі уақытта жол бойындағы кафе, мешіттер мен интернаттарға 144 адам орналастырылды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жол полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова