Қарағанды облысының полицейлері мен такси жүргізушісі зейнеткерді алаяқтардың арбауынан құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өткен сенбі күні Қарағанды облысы Абай ауданының 71 жастағы тұрғыны телефонына түскен белгісіз қоңырауға жауап беремін деп алаяқтың арбауына түскен. "Банктің қауіпсіздік қызметінің маманымын" деп қоңырау соққан белгісіз біреу азаматшадан 3 миллион теңге несиесін жабуын талап еткен. Ондай ақшасының жоқ екенін айтқан азаматша олардың берген нұсқауымен облыс орталығына келіп, несие рәсімдеп, алаяқтарға жібермек болған екен.
Тұрғынға телефон соққандар облыс орталығына келу үшін такси жалдап берген. Жолай азаматшаның күдік тудырған бөгде біреумен телефон арқылы әңгімесін естіген такси жүргізушісі жергілікті жердің полиция қызметкерлеріне хабар берген. Кейін такси жүргізушісі полиция қызметкерлерінің берген нұсқауымен жол шетіне тоқтаған. Сол кезде алаяқтар такси оған хабарласып, не себепті тоқтағанын сұраған. Жүргізуші бірден оларға бірнеше сылтау айтып, тәртіп сақшылары келгенше уақыт соза тұрған. Содан Абай аудандық полиция қызметкерлері сол көлікке отырып, зейнеткерге кімге ақша аударайын деп жатқанын түсіндірген.
Такси жүргізушісі зейнеткер мен полиция қызметкерлерін алғашында банкке, кейін алаяқтар берген нұсқау бойынша "ақша аудару" үшін сауда үйіндегі терминалға апарған, бірақ ешқандай ақша аудармаған. Кейін сауда үйіне барғанда зейнеткер алаяқтарға сол жердегі терминалдың жұмыс істемей қалғанын және өзінің денсаулығы нашарлап кеткенін айтқан. Сол кезде алаяқтар зейнеткерге дауыс көтеріп, қорқыта бастаған. Алайда олар зейнеткердің жанында полиция қызметкерлері болғанын сезбеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз