Қарағанды облысы Абай ауданында жол-көлік оқиғасы бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Көлік жүргізушісі қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жол апаты 24 наурызда Қызылорда – Жезқазған – Павлодар тасжолының 912-шақырымында болған. Оқиға жергілікті дүкендердің бірінің бақылау камерасына түсіп қалған және әлеуметтік желілерде тарады.
Кадрлардан Renault автокөлігінің жүргізушісі жылдамдықпен келіп велосипед мінген адамды қағып өткені көрінеді. Соққының қатты болғаны соншалық, жәбірленуші жоғары ұшып, бағанаға соғылып, жерге құлаған. Ер адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Ол алған жарақаттарынан медициналық мекемеде көз жұмды.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"42 жастағы Renault жүргізушісі Жаңаарқа кентінен Қарағанды бағытына қарай жүріп бара жатып, 58 жастағы велосипедшіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан 58 жастағы велосипедші медициналық мекемеге жеткізілді, алайда есін жимастан көз жұмды. Аталған факт тбойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлады ведомство.
Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс аясында бірнеше сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр, деп толықтырды департамент өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!