Қарағанды облысында теледидар, шаңсорғыш пен кір жуғыш машина өндірілмек - министр

Қарағанды облысында теледидар, шаңсорғыш пен кір жуғыш машина өндірілмек - министр
Фото: elements.envato.com

Қарағанда облысында тұрмыстық техника шығаратын өндірісті іске қосу жоспарланған. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, былтыр өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары бюджетке 2,7 триллион теңге салық төлеген.

Биыл 12,3 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылып, 1 триллион теңгеге 170 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осындай жобаның бірі - Қарағанды облысында тұрмыстық техника шығару.

"Қарағанды облысында өнімділігі жылына 1,1 миллионнан аса тұрмыстық техника шығаратын өндірісті ("Silk Road Electronics" ЖШС) іске қосу жоспарда бар. Зауытта ARTEL брендімен теледидарлар, су жылытқыштары, шаңсорғыштар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар жасалады, 530 жаңа жұмыс орны пайда болады.

Сондай-ақ, 261 жаңа жұмыс орны бар, арнайы кокс шығаратын заманауи зауыт іске қосылады. Қуаттылығы жылына - 400 мың тонна. Өнім кейіннен экспортқа шыға отырып, ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді", - деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, Қостанай облысында "СарыарқаАвтоПром" компаниясы Chevrolet Оnix автомобильдерін шағын тораптық әдіспен (CKD) өндіруді жоспарлап отыр. Жылына 30 мың бірлік шығару жоспарланған, бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және 400 жұмыс орнын жасақтауға мүмкіндік береді.

Аяз Есен 

Тағы да оқи отырыңыздар: Ұшақта неге телефонды өшіріп қою керек?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек