Нұра өзеніне батып кеткен қыздың денесі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысында суға батып кеткен қыздың денесі арада 3 күн өткенде табылды. Ол Нұра өзенінің шомылуға тыйым салынған аумағында жоғалған. Сүңгуірлер суға батқан қыздың денесін кеше сағат 08:50-де тапты.
Қайғылы оқиға 29 маусымда Бұқар жырау ауданына қарасты Нұра өзенінің бойындағы Қызылжар ауылында болған. Сол күні жергілікті тұрғындар шомылуға болмайтын аумақтан 2011 жылы туған қыздың денесін тапқанымен, 2009 жылғы жасөспірім қыз із-түзсіз кеткен еді. Кейіннен баланы іздеуге өңірдегі құтқару жасағының барлық құрамы жұмылды.
"Бүгін құтқарушылар суға батқан екінші қыздың денесін 1300 шақырым жерден тапты. Іздестіру жұмыстарын облыстық төтенше жағдайлар қызметі, ПД, Теміртау қалалық аңшылар мен балықшылар қоғамының қызметкерлері, туған-туыстары мен жергілікті тұрғындар жүргізді. Іздеу жұмыстарына барлығы 40 адам, 9 техника және 7 су көлігі жұмылдырылды", - деді Бұқар жырау аудандық төтенше жағдай бөлімінің бастығы Ерсін Жүнісбеков.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз