Жемшөп қымбат болғандықтан, қарағандылық шаруалар малдарын жаппай сатып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, мал азығының бағасы бақандай 600 теңгеге көтерілген. Қымбатшылыққа наразы тұрғындар үкіметтен жемшөп пен кебектің бағасын реттеуді сұрайды.
Кебектің бір қабы осыдан бір апта бұрын 1400 теңге болса, бүгінде 1800-2000 теңгеден сатылып жатыр екен. Мұндай қымбатшылықты қалталары көтермеген шаруалар жаппай малдарын сойып, етке тапсыруға мәжбүр.
Үштөбе ауылының тұрғыны Қаршыға Мұздыбаев оннан аса жылқы ұстап, қымыз сатады. Алайда, кебек қымбаттағалы шаруасы шатқаяқтай бастаған.
"Бүкіл ел сиырын сатып жіберді. Өйткені сүттің бағасы, еттің бағасы жаңағы жемшөптің бағасына келмейді. Қазір елдің бәрі жылқы ұстап отыр далаға жаямыз деп. Биылғы жылы жаңбыр жауды да қар қатып қалды, жылқыға да қиын болып жатыр", - дейді Үштөбе ауылының тұрғыны Қаршыға Мұздыбаев.
Үштөбе ауылының 30 шақты шағын кәсіпкері жергілікті әкімдікке жиналып, Үкіметтен мал азығының бағасын реттеуді сұрады. Шаруалар мұның арты жаппай қымбатшылыққа әкелетінін айтты.
"Кебекті алған соң, малға берген соң автоматом мал қымбат тамақ ішкенде автоматом ет қымбаттайды. Қаланың адамдары ет неге қымбат дейді? Содан ғой бәрі", - дейді ауыл тұрғыны Дәулет Қалиев.
Ауылда шөп шабатын шабындық та жоқ. Барлығын әдеттегідей ірі қожалықтар иемденіп алған. "Шопан ата" агроқозғалысының өкілі Мұхамедқали Бекембаевтың айтуынша, бұл ауылда мал екі есе азайған.
"Бір қап кебек 2000 болса, күніне 10 қап кебек кетеді. 10 күнде ол 200 мың теңге. 1 айда ол 600 мың теңге. Ақтамайды өз-өзін. Амалсыз малын соя бастады. Үйіңде мал бар ма десе, еріксіз сатып жібердім дейді. Мәжбүрлі түрде сатып жатыр қарапайым халық", - дейді Мұхамедқали Бекембаев.
Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы мәселені шешу мүмкін емес деп отыр. Олардың мәліметінше, жемшөп бағасының өсуіне жаппай қымбатшылық себеп болған. Оның үстіне, диірменшілерге мал азығының бағасын реттеу үшін Үкіметтен берілетін субсидия 6 жыл бұрын тоқтаған.
"1 тонна бидай тартып, 240 келі кебек сатып диірмендер байып кетпейді. Бірақ олардың айтуы бойынша, мешкотарасының қымбаттауы, тасымалдауының қымбаттауы, еңбек күшінің еңбекақысын көтеруі. Біз бағасын көтеруге мәжбүр болып отырмыз деп ол кісілердің айтып отқан дәлелдері сол", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!