Қарағандыдағы №1 перинаталдық орталықта салмағы 5288 грамм қыз бала өмірге келді, - деп хабарлайды Мassaget.kz облыстық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бұл отбасындағы төртінші бала. Ерлі-зайыптының үш ұлы бар. Зарина Ивакина төртінші сәбиін табиғи босану жолымен өмірге әкелген.
Дәрігерлер құрсақтағы сәбидің салмағы үлкен боларын болжағанымен, нәрестенің бес келіден асып туғаны бәрін таңғалдырған.
"УДЗ мәліметтері бойынша болжамды салмақ - 4100 грамм еді. Нәресте дүниеге келгенде оның салмағы 5288 грамды көрсетті. Мұндай алып болады деп ойламадық", - дейді акушер-гинеколог Мария Терещенко.
Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Ата-анасы қыз баланың есімін Кәусар деп қойған. Кішкентай Кәусарды үйде 16, 11 және 5 жастағы үш ағасы асыға күтіп отыр.
"Біз салмағы 4 келі және одан да көп балаларды ірі деп есептемейміз. Салмағы 5 келі және одан да көп балалар алып бала саналады. Біздің перзентханада қыздарға қарағанда ірі ұлдар көбірек туылады. Статистикалық мәліметтер бойынша, ай сайын туған балалардың бір пайызға жуығы ірілер қатарына жатады" - деп толықтырды №1 перинаталдық орталықтың басшысы Жанар Жарова.