Қарағанды облысында ірі компанияға қомақты айыппұл салынды

Қарағанды облысында ірі компанияға 313,9 миллион теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарқаралы ауданының прокуратурасы тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша экологиялық заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді. "Алтай Полиметаллы" ЖШС сарқынды суларды ашық жерге ағызатыны анықталды.

Тексеру өткізу үшін аудан прокуроры облыстық Экология департаментіне талап жолдады. Нәтижелер кәсіпорынның Экологиялық кодекс нормаларын бұза отырып, мемлекеттік экологиялық сараптамасыз және қалдықтарды қоршаған ортаға шығаруға рұқсатсыз жұмыс істегенін көрсетті.

Қарқаралы аудандық соты компанияны кінәлі деп танып, оған ҚР ӘҚБтК-нің 332-бабының 1-бөлігі және 328-бабының 1-бөлігі бойынша 313,9 млн теңге айыппұл салды.

Сонымен қатар, сот орындаушысы "Алтай Полиметаллы" ЖШС-нің ағынды суларды биологиялық тазарту кешенінің жұмысын бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатты.

Прокуратура мен уәкілетті органдардың үйлестірілген жұмысының арқасында заң бұзушылықтар тоқтатылды. Әкімшілік айыппұл өндірілді, компания бұзушылықтарды жою шараларын қабылдап жатыр. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз