Қарағанды облысында криминалдық полиция қызметкерлері жедел түрде жергілікті тұрғындарға қомақты шығын келтірген мал ұрлығының үш фактісін ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 71 жастағы фермердің қорасынан 13 ірі қара малды ұрлады деген күдікпен 27 және 33 жастағы екі жергілікті тұрғын ұсталды. Келтірілген шығын 4 миллион теңгені құрады.
Ұсталғандар іс-әрекеттерін мойындады. Сот күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Сонымен қатар полицейлер сол ауданда болған тағы екі қылмыстың бетін ашты. Олардың бірі 27 жастағы ер адам, ол 45 жастағы жергілікті тұрғынның 1,5 жастағы бұқасын ұрлағанын мойындады. Ұрланған мүлік тері және бес дорба ет түрінде ішінара тәркіленді.
Тағы бір оқиға бойынша 59 жастағы ауыл тұрғынының жылқысын ұрлады деген күдікпен 24 жастағы жігіт анықталып, ұсталды. Ұсталған адам өз кінәсін мойындады. Барлық дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері Қарағанды облысының аумағында мал ұрлығының 26 фактісі тіркеліп, оның 18-і ашылды. Полицейлер ұрланған 263 бастың 196-сын иелеріне қайтарды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!