Теміртауда жұмбақ жағдайда 6 жастағы бала мұзға батып кетті. Баланың денесін құтқарушылар алып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 112 пультіне 6 жастағы баланың мұзға құлап кеткені туралы хабар түскен. Қайғылы жағдай Нұра өзеніндегі көпірдің аумағында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, бала үлкендердің қарауынсыз қауіпті аймақта болған. Ол сол жерде балалармен ойнаған.
"Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жетіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2018 жылы туған баланың денесін судан шығарды. Ол әжесімен бірге тұрған. Оқиғаның себептері анықталып жатыр", - деп хабарлады Қарағанды облысы төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі.
Ведомство тұрғындарды мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз