Қарағанды облысында өгей әкесі 15 жастағы қызды танысына күйеуге берген: сот үкімі шықты

Қарағандыда 15 жастағы қызға зорлық жасады деп айыпталған 39 жастағы ер адамға үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

2025 жылы ақпанда кәмелетке толмаған қызға анасы мен өгей әкесі сотталушы К.-мен (сол кезде 38 жаста болған - еск.) некеге тұруды ұсынған. К.-ның жасын білген соң кәмелетке толмаған қыз некеден бас тартқан. Сот мәліметінше, қыздың қарсылығына қарамастан, наурызда өгей әкесі оны К.-мен бірге Қарағандыға жіберген.

"К. жәбірленушінің жасы кәмелетке толмағанын анық біле тұра, оны зорлаған", - деп жазылған сот мәліметінде.

Сот үкімі

Сот үкімімен К. ҚК-нің 120-б. 3-1-б. 1) т. бойынша кінәлі деп танылып, оған 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған өмір бойы педагогикалық лауазымдарда және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарда қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сондай-ақ, сот прокурордың атына жәбірленушінің анасы мен өгей әкесінің әрекетінде қылмыс құрамы бар-жоғын тексеру үшін жеке қаулы шығарды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!