- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- медицина саласы
Қарағанды облысында медбикелер үстемеақы алу үшін жалған құжат жасаған

Қарағанды облысында жеті дәрігер мен 30-дан аса медбике біліктілік тестілеу нәтижелерін қолдан жасағаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, олар мұндай қадамға үстемеақы алу үшін барған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау кезінде деректердің бұрмалануын Қарағанды облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қызметкерлері анықтаған.
Ведомство мәліметінше, тест тапсырды деген құжатты алу үшін дәрігерлер мен медбикелер 200 және 300 мың теңге сомасында ақша төлеген. Ал көмекшілері сынақтан өткендердің жеке сәйкестендіру нөмірін базаға енгізген. Содан соң қосымша ақы алуға талпынғандардың тегі мен басқа да деректерін өзгерткен. Бұл дерекке 39 құқықбұзушы жол бергені расталды. Оның екеуі Ұлытау облысының денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейді.
"Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін облыстық полиция департаментіне материалдар беруге бастамашылық жасадық. Бұрмаланған құжаттарды ұсынғаны үшін медицина қызметкерлеріне жауапкершілік жүктеледі. Мұндай әрекеттер тек әкімшілік емес, сонымен бірге қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғуы мүмкін", - деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова