Қарағанды облысында жүк көліктерін заңсыз тіркеу фактісі анықталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ХҚКО қызметкерлері көліктердің бастапқы тіркеу алымы менутилизациялық алымды төлеуден босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк көлік құралдарының VIN-кодтары бойынша көрінеу жалған деректерді енгізгені анықталды. Осылайша, олар 33 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеуден өткізген.
Жергілікті бюджетке 315 млн теңгеден астам сомаға төлемдер түспеген. Күдіктілер – мамандандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшысы және ХҚКО басшысының орынбасары ұсталды, сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Күдіктілердің мүлкіне 42 млн теңге көлемінде тыйым салынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібі негізінде өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Ақмола, Қостанай, Алматы, Павлодар облыстарында алымдарды төлемей, жалған төлем құжаттары бойынша көлік құралдарын жаппай бастапқы тіркеу фактілері анықталды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!