- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысында мал...
Қарағанды облысында мал жаппай қырыла бастады
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында мал жаппай қырылып жатыр, – деп хабарлайды Nur.kz порталы. Бұл жайында тұрғындар телефон арқылы Астана арнасына хабарлаған.
Әсіресе, Қаракеңгір ауылында жағдай ушыққан. Мұнда бір аптаның ішінде 100 бастай мал басы арам өлген.
«Ол аурудың қайдан келгенін білмейміз. Ауыздары уылып, су ағып, сүт іріп жатыр. Қырылған мал көп. Қой, сиыр, әсіресе, бұзаулар қырылып жатыр. Ауылдағылар, дәрігерлер көргенмен, қандай диагноз екенін айтқан жоқ», — дейді Ұлытау ауданы, Қаракеңгір ауылының тұрғыны Зина Айтбаева.
Тұрғындар бұл жағдайдың ай басында басталғанын айтады. Дерт малдардың бірінен-біріне жұғып, қырылуы жиілеп кеткен. Оған қоса, аяқтары ісіп жүре алмай қалған төрт түлікті, ауыл халқы қазір қорада, үй маңында ұстап отыруға мәжбүр.
Ал, олардан алынған қан сараптамасы Астанадағы Ветеринария жөніндегі ұлттық зерттеу орталығына жіберілген. Дегенмен, қарағандылық мамандар жуықта киіктердің жаппай қырылуына себеп болған пастереллез ауруынан да күдіктенеді. Әзірге, Қаракеңгір ауылы мен осы маңдағы екі қыстақ малдарын өзге ауылдан оқшаулау шарасы жарияланды.
«Қазір пастереллез, микробактериаз, листериоз, осы үш ауруға күдік туып тұр. Алынған материалдар бәрі Астанаға Ветеринариялық ұлттық референттік орталыққа зерттеуге жіберілді. Зерттеу нәтижесі бойынша анықталады. Қазір ауруды таратпау үшін жаңағы Қаракеңгір ауылында малдарды уақытша шектеу жарияланды», — дейді Қарағанды облысы Ветеринария басқармасының бастығы Қайырбек Тұрсынбеков.
Е. Жұмабайұлы