- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысында көпбалалы...
Қарағанды облысында көпбалалы ана 17 жылдан бері көлік жөндеумен айналысады
Қарағанды облысында көпбалалы ана Марал Оспанова көлік жөндеумен айналысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Марал Оспанова - Қарқаралы қаласының тұрғыны. Оның жас кезінде алған мамандығы - тігінші. Бірақ ол ине-жіпті кілт-сайманға алмастырған. Ол 17 жылдан бері көлік жөндеп, кәсіп жүргізіп отыр. Техникалық тұрғыда ақауы бар көлікті айтпағанда, қағылған-соғылған көліктерді де қалыпқа келтіріп, бояп қояды.
"Алғашында жолдасым өзі жалғыз істеп жүрді, соған кілт-сайман алып беріп тұратын кісі керек болды, қасына. Одан кейін осы жұмысқа қалай кіріп кеткенімді өзім де байқамай қалдым, шыны керек", - дейді ол.
"Хабар24" телеарнасы видеосынан алынған кадр
"Кейде екі-үш машинаны қатар істей бересің ғой. Сондай кезде қасыма көмекші де керек. Үлгермей жатқан кезде. И әйелдердің қолы кішкене нәзік дегендей, мұқият істейді дегендей ғой бәрін. Басында үйретесің, кейде қатты да айтып қоясың жөндеп істей алмай жатса. Әлі күнге дейін үйретіп отырасың ғой", - Қарқаралы қаласының тұрғыны Талғатбек Осапанов.
Марал Оспанованың көлік тізгіндеп жүргеніне де 33 жыл болған. Техникаға бала кезінен жақын болыпты. Себебі 17 жасында трактор мен шөп тасыған кездері болған.
"80-жылдары Доғалаң, Қайнар совхоздарында әкем қойшы болып көшіп келді. Сонда 8-сыныпты бітірген кезде бізді шөп тасуға жібереді. Сонда ана кісіге қызығып, үлкен кісіге "аға, мен жүргізіп көрейінші" деп айттым. Сосын үйретті. Содан таркторды үйреніп кеттім", - дейді Марал Оспанова.
Талғатбек пен Маралдың 4 баласы бар. Қазір немерелерінің қызығын көріп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова