• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Қарағанды облысында бірнеше қылмыстық топ ұсталды

Қарағанды облысында бірнеше қылмыстық топ ұсталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қарағанды облысында бірнеше қылмыстық топ ұсталды. Өңір полициясы жылды қорытындылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды облысында ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайған. Алаяқтық, соның ішінде киберқылмыстар саны да төмендеген.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, өңірде мал ұрлығымен күреске ерекше көңіл бөлінген.

"Қыркүйек пен желтоқсандағы ет дайындау кезеңінде республикалық және жергілікті тасжолдарда 18 мобильді бекет жұмыс істеді. Бұл кезеңде 4 857 көлік тексеріліп, ет өнімдерін құжатсыз тасымалдағаны үшін 236 әкімшілік хаттама толтырылды. Осы шаралардың нәтижесінде екі мал ұрлығының жолы кесілді. Мал ұрлығына қатысы бар 25 адамның қылмыстық әрекеті тоқтатылып, сегіз эпизодты қамтыған төрт қылмыстық топтың қызметі әшкереленді", - деді Негмет Исмагулов.

Былтыр есірткі қылмысына қарсы күрес саласында 377 құқықбұзушылық, оның ішінде 189 қылмыс анықталды.

Есірткі бизнесімен айналысқан 16 адамнан тұратын ұйымдасқан топтың әрекеті тоқтатылды. Тәркіленген заттардың қатарында 9 келі мефедрон, 1,5 тонна прекурсор және 265 келі марихуана бар. Сонымен қатар есірткі сатудан түскен 43 миллион теңгенің заңдастырылу дерегі анықталды.

Бес қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері әшкереленіп, 78 адам, оның ішінде алты жетекші мен ұйымдасқан топтың 23 мүшесі қамауға алынды.

Аймақтың ірі кәсіпорындарында - Qarmet, "Қазақмыс" және "Nova Цинк" секілді мекемелерде тауарлық-материалдық заттарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтар анықталды. Олардың әрекетінен келген залал 1,5 миллиард теңгеден асады, 22 адам қамауға алынды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget