Қарағанды облысында бопсалаумен айналысып жүрген қылмыстық топтар ұсталды

Қарағанды облысында бопсалаумен айналысып жүрген қылмыстық топтар ұсталды
Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында биыл ауыр қылмыс жасауға қатысы бар алты қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бопсалаудың 40-тан астам фактісі анықталды. 15 қазанда Шахтинск қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жастар тобын ұстады.

Оның құрамына аралас жекпе-жек жаттықтырушысы кірген. Олар жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ "Qarmet" АҚ қызметкерлерін бопсалаған. Бұған дейін Теміртау, Саран, Абай қалаларында ауыр қылмыстарға, сонымен қатар "Qarmet" АҚ объектілерінен тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлауға және кәсіпорын қызметкерлерін бопсалауға қатысы бар басқа да қылмыстық топтардың қатысушылары ұсталған болатын.

"Осы фактілер бойынша ішкі істер органдарына барлығы 100-ден астам күдікті жеткізілді, олардың 39-ы қамауға алынды. 150-ге жуық тінту шаралары жүргізілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілер, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ауыр қылмыстардың 16 эпизоды бойынша үш қылмыстық іс сотқа жіберілді. Криминалдық топтардың жолын кесу нәтижесінде өңірде 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оқ-дәрілер тәркіленді. Өңірлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасып жатыр", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина