- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысында ауыл...
Қарағанды облысында ауыл мен қаланы жалғайтын көпір құрылысы биыл да аяқталмай қалуы мүмкін
Қарағанды облысына қарасты Ғабиден Мұстафин ауылы мен Теміртау қаласын жалғайтын көпірдің құрылысы биыл да аяқталмай қалуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин ауылы мен мұндағы бірнеше елдімекен тұрғындарының жергілікті биліктен көпір салып беруді сұрап жүргендеріне 10 жылға жуықтаған. Елдің мұңы ескеріліп, бюджеттен жаңа көпірдің құрылысы үшін 2 миллиард теңге қарастырылған. Алғашқы жұмыс 2022 жылы басталады. Бірақ үш жылға созылған жоба әлі аяқталмай келеді. Жылдар бойы айналма жолдың азабын тартып жүрген азаматтар жұмыстың қарқынына қарап, биыл да іс бітпей ме деп қорқады. Өйткені жеті тіректің тек екеуі орнатылған.
– «Көпір саламыз» деді. Құрылысы бітпеді. Жаяу жүреміз, өткел құлайын деп тұр, – деді Ғ. Мұстафин ауылының тұрғыны Жаңылсын Әлімхан.
– Қаншама адам жаяу жүреді. Биыл көпір тағы аяқталмайды деп ойлаймын. Өйткені жұмыс өте баяу жүргізіліп жатыр. Көзге көрінетін дүниені байқамадым, – деді Ғ. Мұстафин ауылының тұрғыны Андрей Фишер.
Өңір азаматтары бір елдімекеннен екіншісіне жету үшін 60-70 шақырымдық айналма жолмен жүруге мәжбүр. Ал жоспар сәтті аяқталса, бұл арақашықтық 15 шақырымға дейін қысқармақ. Айтпақшы көпшілік тіпті көпірдің жоқтығынан ескі өткелден жаяу өтуге мәжбүр. Алайда оның өзі апатты жағдайда тұрған көрінеді. Кестеден кешіккен құрылысты бұған дейін облыс басшылығы да сынға алып, жұмысты жеделдетуді тапсырған. Елдің көкейіндегі үрейді сейілтіп, мән-жайды анықтау үшін тапсырыс беруші мекеменің өкілдерін сөзге тарттық.
– Жұмыс 40 пайыз орындалды. Күнделікті нысанда 18-ден астам жұмысшы істейді. Барлық жеті тіректе бұрғыланған қадалар қойылған. Біреуі 100 пайыз дайын. Өндірістік жұмыс кестеге сәйкес жүргізіледі, – деді Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бас маманы Арғынғазы Қуанышев.
Өкініштісі, өткен қыста екі көлік Нұра өзеніне батып кеткен. Өткел салынбаса, биыл да жағдай қайталануы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, көлік қатынасы жыл соңында қайта жанданады.
Ал мамандар 2005 жылы жолға асфальт төселетінін жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина