Қарағанды облысында 82 жастағы әжейді асқан қатыгездікпен өлтірген адам сотталды

Қарағанды облысында 82 жастағы әжейді асқан қатыгездікпен өлтірген адам сотталды
Фото: depositphotos.com

Қарағанды облысында 82 жастағы әжейді асқан қатыгездікпен өлтірген адам 9 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотта адам өлтіру және бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша Ш-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 99-б. 1-б., 188-б. 1-б.).

Тағылған айып

Тергеу барысында Ш. адам өлтірді және бөтеннің мүлкін ұрлады деп айыпталды (ҚК-тің 99-б. 1-б., 188-б. 1-б.).

Сотта не анықталды? 

Қарағандылық тұрғын Ш., тұрақты табысы болмай және қаржылық қиыншылықтары болғандықтан, өз әйелінің әжесі – 1942 жылы туған К-дан ақша сұрамақ болады. Сол үшін Ш. 23 ақпанда сағат 14:00-де Қарағанды облысының Новодолниский кентінде тұратын К-ға келіп, одан 500 000 теңге көлемінде ақша сұраған, ал әжей оған ақша бермейтінін айтқан. Сол кезде Ш. К-ға жалына бастаған, әжей одан бас тартқандықтан олар сөзге келіспей қалып, К. өзінің үйінен Ш-ны қуа бастаған. Осы жанжал барысында, Ш. екі қолымен К-ның мойнынан күшпен қысып, тұншықтырған. К-ның дем ала алмай жатқанына көз жеткізіп, Ш. қолын босатқаннан кейін К. еденге құлаған. Содан кейін, Ш. оқиға орнынан кетіп қалған.

Біраз уақыттан соң, Ш. 24 ақпанда шамамен сағат 03:00-де қылмыс жасалған жерге қайтып келіп, ол жерден 152 000 теңге көлемінде ақша ұрлаған. Содан кейін, Ш. қылмыс іздерінен жасыру үшін жәбірленушінің мәйітін алып шыққан және ұрланған ақшамен бірге қашып кеткен.

Соттың қорытындысын растайтын дәлелдер:

Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, заттай айғақтармен, сараптама қорытындылары және басқа іс материалдарымен дәлелденді.

Тараптардың ұстанымдары:

Прокурор Ш-ны айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп танып, оған түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап сотталушыны барынша қатаң жазалауды сұрады. Қорғаушы тарап Ш-ға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот қандай жаза тағайындады? 

Соттың үкімімен Ш. айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде белгіленді.

Сотпен Ш-ның жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде, оның кінәні мойындауы мен шын ниетпен өкінуі танылды. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Ш-ға тағылған айыптың ең ауыр бабы, атап айтқанда, ҚК-тің 99-б. 1-б. санкциясы бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жаза тағайындау кезінде сотпен ҚК-тің 55-б. талабы ескерілді, оған сәйкес, жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, негізгі жаза түрінің мерзімі немесе мөлшері ең жоғары мерзiмi нeмece мөлшерiнің төрттен үшiнен аспауы тиіс.

Одан басқа, жәбірленушінің пайдасына моральдық және материалдық залалды өтеу ретінде сотталушыдан 6 млн. теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина