Қарағанды облысына қарасты 63 ауыл ішімдіктен түбегейлі бас тартты. Той-тамалақты да арақ-шарапсыз өткіземіз деген азаматтар өңірде әлі де көбейіп жатқан көрінеді. Сәйкесінше елді мекендерде ірілі-ұсақты қылмыс азайған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Қарағанды облысындағы арақтан бас тартқан ауылдың барлығы шағын елді мекендер санатында. Мұндағы тұрғындар саны мыңға жуықтайды. Мәселен, Қарақұдық ауылында 693 адам тұрады.
"Бізде ауылда кеш немесе біреудің туған күні болса, өткен өмірді еске алып, қызық әңгіме айтып, бала кездегі қызықтарды еске аламыз. Көршінің үйіне барғанда тосынсый ретінде басқаша киініп барып, қызық сәттер ұйымдастырамыз. Арақ ішпей-ақ билеп, өткен-кеткенді еске алып, жастарға тілектер айтып көңіл көтере алады", - дейді Қарақұдық ауылының тұрғыны Қаныш Беспаев.
Ауылда бары - 5 дүкен, ешқайсының сөрелерінде арақ атаулы атымен жоқ. Өйткені ауыл тұрғындары ащы су алуды күрт тоқтатқан. Ішімдіктен ада елдімекендегі балалар да асау үйретіп, қыста жабағы мінуді игі дәстүрге айналдырыпты.
"Ішімдік жоқ жерде береке болады. Берекелі ауылдың әрбір шаңырағы тату. Біз өзіміз ішпегеннен кейін білмеймін. Менің ойымша, адамның жанында қуаныш болса, ішімдіксіз-ақ бақытты болуға болады", - дейді сатушы Лаура Мүкеева.
Татулығы жарасқан ауылдарда кейінгі кездері қылмыс та күрт азайған. Мәселен, бір Қарақұдықтың өзінде 3 жылдан бері бірде-бір арыз тіркелмепті. Ал отбасылық кикілжіңдер мен ағайын арасындағы ұсақ-түйек келіспеушіліктерді учаскелік инспектор мәмілегерлік жолмен реттейтінін айтады.
Айта кетейік, қазір бір Қарағанды облысының өзінде алкогольден бас тартқан 63 ауыл тіркеліпті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз