- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысында 3-сынып...
Қарағанды облысында 3-сынып оқушысы автобус күтіп тұрғанда беті үсіп қалған
Абай қаласында оқушы аялдамада суықта автобус күтіп, 15 минуттай тұрған. Соның салдарынан оның бетін үсік шалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қыздың анасы әлеуметтік желілерде болған оқиға туралы айтқан. Ол қалада мектеп автобустары жоғына шағымданып, балалар жолаушылары көп қоғамдық көлікті күтуге мәжбүр екенін жеткізген.
"Таңғы сағат 8-ден бастап мектеп директорынан сабақты тоқтатуды сұрап, сөйлесіп жатырмыз. Далада қатты аяз. Бірақ сабақ тоқтатылмады. Басқа қалаларда, соның ішінде Астанада сабақ тоқтатылып, қашықтан оқытуға ауыстырылды. Бүгін елорда мен Абайдағы ауа райы бірдей", - деп жазды зардап шеккен қыздың анасы әлеуметтік желілерде.
Абай ауданының білім бөлімінде болған оқиға расталған. Ведомство өкілдері 3-сынып оқушысы үйінде туыстарымен бірге екенін және өзін жақсы сезінетінін айтқан.
"Сағат 06:45-тегі жағдай бойынша, Абайдағы ауа температурасы орта есеппен 21 градус болған. Сабақтарды тоқтататындай көрсеткіш емес. Қыз 3-сыныпта оқиды. Мектеп директоры анасымен кездесті. Анасының айтуынша, бала өзін жақсы сезінеді, үйде ойнап жүр", - деді аудандық білім бөлімі өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері бастауыш сынып оқушыларына арналған сабақтар 25 градуста және одан төмен болған кезде тоқтатылатынын айтты. Жел мен көктайғақ болған кезде ата-аналар баланың мектепке баруы туралы шешімді өз бетінше қабылдайды. Бұл жағдайда сынып жетекшісіне бұл шешімді хабарлаулары қажет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова