Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында жас кәсіпкер мемлекет қолдауымен өңірде алғаш болып түйе өсірумен айналыса бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар болса "Енді өзіміздің шұбатымыз бар" деп марқайып отыр.
22 жастағы кәсіпкер арқа даласына түйе түлетпес бұрын жергілікті тұрғындардың сұранысын зерттеген. Осылайша, ойсылқара төлінің өніміне сұраныс жоғары болуы мүмкін деген ой келеді. Оның үстіне бұл шөл мен аштыққа, ыстық пен суыққа қатар төзімді. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама бойынша білім алып, 47 миллион теңге алған.
"Анам сауады, сауыншы. Әкем екеуміз қараймыз. Болашақта көбейіп жатса, жұмыскер аламыз ғой. Түйе өсірудің тиімділігі, сол етін де, шұбатын да өндіреміз. Болашақта жүнін де өндіру мақсаты бар. Қазір тек сауып, шұбатын өндіріп отырмыз", - дейді фермер Қазыбек Абатов.
Қазыбек түйенің алғашқы легін Қызылордадан сатып алыпты. Қазір өркешті малдың бас-аяғы 60 басқа жуық. Күніне 50-60 литр сүт сауады. Шұбаттың тағамдық құндылығы қымыздан 2 есе көп. Ол да сұранысқа ие болып шыққан.
"Облыс, аудан әкімдерінің жастарды, жас бизнесті қолдау гранттары бар. Қазыбек ініміз облысқа да, ауданға да қатысатын болады. Әкімдік тарапынан құжат жинау, бизнес жобасына қолдау көрсетеміз. Біздің ойымызша, алдағы уақытта осы Қызылжар ауылынан пакеттелген түйе сүті шығарылатын болады деген ойдамыз", - дейді Ростов ауылдық округінің әкімі Төлеген Іргебаев.
Мұнда екі өркешті түйеден өзге, жолында жүк қалдырмас нар да бар. Нар сүтінің майлылығы 4 пайыздан асады екен. Сондықтан олардың басын көбейту жоспары бар. Арқада түйе шаруашылығын мықтап дамыту үшін Қазыбек әлі де ауқымды жұмыс жүргізетінін айтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!