- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысы тұрғындары...
Қарағанды облысы тұрғындары көмір тапшылығына шағымданды
Қарағанды облысы Қушоқы ауылы тұрғындары көмір таусылғанын айтып шағымданды. Тұрғындардың сөзінше, көмір қоры әрі кетсе екі күнге жетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қушоқылықтар жағдайды естіп дабыл қаға бастаған. Олардың айтуынша, бұл өңірде қыс қатты болады. Ауыл боран мен аяздан көз ашпайды. Тұрғындар қауіпті сезгендей алдын ала қамданып, барлық жылу құбырын ауыстырғанымен, мәселе негізгі жылу жүйесінен шыққан. Ауыл тұрғындары бәрі тозығы жеткенін айтып отыр.
"Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, атам заманнан келе жатқан жылу желілері тозбай ма? Ауыстыратын уақыты келді ғой. Ескі заманның қалдықтарымен өмір сүріп келеміз. Не масқара?" - дейді ауыл тұрғыны Халиль Рыспеков.
Коммуналдық қызмет басшысы халықтың уайымы орынды екенін айтады. Шынында да, ауылда көмір аз екен. Бірақ кінәлі тарап халықтың өзі екенін айтты. Себебі ешкім ештеңе төлегісі келмейді. Мән-жайды нақтылау үшін аудан әкімдігіне хабарласып көрдік. Олар бұл ақпардың барлығын жоққа шығарды.
"Қазандықта көмір қоры бар. Жылыту маусымы штаттық режимде істеп тұр. "Разрез Кузнецкий" ЖШС-мен 4000 тоннаға шарт жасалды, "Қазақмыс COOL" ЖШС-мен (Борлы) 2000 тоннаға жасалды. "Куучек" ЖШС-мен өзара есеп айырысу бойынша ай сайын 1000 тонна көлемінде көмір жіберіліп отырады", - дейді Бұқар жырау ауданының әкімдігі өкілі.
Әкімдіктің есебі бойынша көмірдің күнделікті шығыны 45-50 тонна болады. Ал қазандықтағы көмір қоры - 350-400 тонна, яғни 10 күнге жетеді. Сонымен қатар, Қушоқы кентінің тұрғындарына жылу беру мәселесі күнделікті бақылауда екені айтылған.
Жандос Бақытұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz