8 маусымға қараған түні Қарағанды маңында үш көлік соқтығысып, жантүршігерлік жол апаты болды. Оқиға салдарынан бес адам қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты Қызылорда-Павлодар тасжолының 931-шақырымында, Дубовка ауылының маңында болған. Сағат 22:23-те Audi, Chevrolet Cobalt және Toyota Previa көліктері соқтығысқан.
Оқиға салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің төрт жолаушысы мен 22 жастағы жүргізушісі алған жарақаттарынан тіл тартпай кетті. Audi-дің 21 жастағы жүргізушісі, оның 17 жастағы жолаушысы және Toyota Previa көлігінің 39 жастағы жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді.
"Қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қарағанды облысының полиция департаменті жүргізушілерге жол-қауіпсіздік ережелерін сақтау керегін ескертеді", - деп хабарлады полиция.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ауруханаға түскендердің жағдайына қатысты түсінік берді. Ведомствоның мәліметінше, екі адам ауруханада ауыр халде жатыр. Қалғандары амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!