Қара түнек: Алматыда неге жарық мәселесі шешілмей тұр?

Қара түнек: Алматыда неге жарық мәселесі шешілмей тұр?
Фото: Massaget.kz

Қала әкімі Ерболат Досаев Алматыдағы қала көшелері 2024 жылы 85 пайыз, ал 2025 жылы 100 пайыз жарық болады деген еді. Ол уәдесін орындады ма? Massaget.kz тілшісі бірнеше көшені аралап, қай жерде жарық бар-жоғын анықтап көрді. 

Уақыт белдеуі ауысқаннан бері Алматыда күн ерте батып, кеш ататын болды. Тұрғындардың сөзінше, "жұмысқа түнде барып, түнде қайтамыз, жарық көрмейміз". 

Қала әкімі тұрғындармен кездесуінде әр ауданда жарықтандырылмаған көшелер барын ашып айтқан еді. Мысалы, Бостандық ауданында 54 көше қараңғы. Ал жылдың аяқталуына 1 ай ғана қалды. 

"Бостандық ауданында биыл жыл басынан бері 1 846 шам ауыстырылған. Биыл күзде тағы 267 тірек пен шам ауыстырылды. Осы күзде шамдары бар тағы 267 тірек орнатылады. Сонымен қатар 2024 жылдың аяғына дейін 9 ескерткішке түнгі жарықтандыру орнату жоспарланған", - деген еді ол. 

Бұл - қаланың ортасындағы көшелердің бірі. Жарық жолға түскенімен, тротуарға түспейді, сол себепті жаяу жүргіншілерге жолды көру қиынға соғады. 

Жалпы қаладағы жарыққа кім жауапты?

Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы Қала Жарық" мекемесі сыртқы жарықтандыру желілеріне техникалық қызмет көрсетіп, жөндейді. 

Қалада қанша жарық шамы бар?

Әкімдік мәліметінше, баланс бойынша аудан әкімдіктерінде 160 мыңнан астам жарық нүктелері бар. Әр ауданға жарық мәселесін шешу үшін қаражат бөлінеді. Massaget.kz редакциясы аудан әкімдеріне қаражат көлемі бойынша сауал жолдады. Алайда жауап әлі келген жоқ.

Жаңа шамдар қайда пайда болады?

Әкім уәде еткен жарық шамдары қайда пайда болмақ? Бұл сұраққа қала әкімдігі жауап берді. 

"Энергия тиімділігі мен сенімділігінің заманауи стандарттарына сәйкес келмейтін ескі үлгідегі ақауы бар шамдар анықталса, олар дереу жаңа жарықдиодты шамдармен ауыстырылады. Бұл жарықтандыру сапасын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар энергияны айтарлықтай үнемдейді, сондай-ақ жарықтандыру шығындарын азайтады. Алматылықтар үшін қауіпсіз және жайлы қалалық ортаны құру мақсатында жұмыс тұрақты түрде жалғасып жатыр. 

Бұл ретте қалада 9 айда бұрын жарықтанбаған 82 аумақ жарықтандырылғанын хабарлаймыз. Жыл аяғына дейін тағы 40 аумақ жарықтандырылады, 10 айда Алматыда барлығы 27 мыңнан аса шам орнатылып, ауыстырылды. Бұл жұмыс жоспардағыдай жалғасады", - деп жауап берді олар. 

Алайда жарық нақты қай аудандарда, қашан қойылғаны туралы ақпарат берілген жоқ. 

Тимирязев пен 20-шы желі көшелерінің қиылысы. Бұл жерде шам бағаналары болғанымен, жарық жоқ. 

Бостандық ауданындағы Бокин мен Тәжібаев көшелерінің бойында жарық жоқ, тас қараңғы. Ал бұл көшеде №63 жалпы білім беретін мектеп орналасқан. 

Осы көшелердің бойында тұратын тұрғынның айтуынша, негізінен көшеде жарық бар, алайда бұдан 1-2 күн бұрын сөндірілген. Ол мұндай жағдай жиі болмайтынын айтты. 

Көңіл көншітер бір жайт - Мұхтар Әуезов атындағы театр артында жарық шамдарының пайда болуы. Тұрғындардың бірі бұрын Құрманғазы көшесінің бойында қараңғы болатынын алға тартты. 

Күн тез батуына байланысты енді жарық ерте жана ма?

Қаладағы жарықтың жанып-сөнуі алдын ала кесте бойынша белгіленеді. Бұл кесте жазда, 19 шілдеде бекітілген. 

"Жарықтың қосылуы мен сөнуі күннің шығуы мен батуына байланысты болғандықтан, сағат ауысқаннан кейін жарық шамдарын қосатын және өшіретін уақыты да өзгерді. Дегенмен шамдардың жану ұзақтығы өзгеріссіз қалады, олар күн батқаннан таң атқанға дейін жұмыс істейді. Нақты кесте 19 шілдеде шыққан қала әкімінің өкімінде белгілінген. Мысалы, бұл кестеге сәйкес, 1 қарашада көше жарығы шамамен 17:00-де қосылып, 06:30-да сөнсе, 30 қарашада бұл уақыт сәйкесінше 16:30 және 07:00-ге ауысады. Бұл көрсеткіш сағат ауысқанға дейін де осындай болатын", - делінген жауапта. 

Бұған дейін не белгілі болды? 

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде жарық мәселесіне тоқталған еді. 

Аудан тұрғындарын толғандыратын өзекті сұрақтардың бірі - көшелерді сапалы жарықтандыру мәселесі. Қала әкімі бұған қатысты қандай жұмыс істеліп жатқанын айтты. 

"Жыл басынан бері әкімдік қызметтерімен 1 800-ден аса жарық шамы ауыстырылып, тұрғындардан келіп түскен 2 мыңнан аса өтініш орындалды. Биыл қыркүйектің аяғына дейін жалпы сомасы 250 миллион теңгеге Алмагүл, Орбита 1, 2 ықшамаудандарында, сондай-ақ Тілендиев көшесі бойымен Жандосов көшесінен Акварель ТҮК дейін қосымша 267 жарық бағандарын орнату аяқталады", - деді ол. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек