Түркия мен Грузияға жолдама сатып алған бір топ алматылық шу шығарды. Олардың айтуынша, тур ұйымдастыратын компанияға әрқайсы кемі 500 мың теңгеден берген. Бірақ жоспарланған демалысқа сол күйі бара алмаған. Төленген қаражатын да қайтара алмай, полицияға арыз жазуға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Перизат Мұсабаева тапқанын тірнектеп жинап, құрбыларымен шетелде демалуды жоспарлапты. Тіпті бір емес, үш елге жеңілдікпен жолдама алып, Қара теңіз жағалауына аттануға дайындалған. Алайда сапарға бір күн қалғанда қонақүйден орын тұрмақ, ұшаққа билет алынбағанын білген. Қаражатты қалтасына басқан компания түрлі сылтау айтып, телефонға жауап беруді қойған.
"19 маусымда бөліп төлеу арқылы алдық. Үш қыздан 1926000 теңге шықты. Барлығын мұқият төлеп қойдық. Ол кісі бізге "бес жұмыс күнінде билеттеріңді жіберем, сол кезде дайын болады" деді. 19 шілдеде таңертең бе, түнде ме, "Құрметті туристер, кешіріңіздер, кассалық алшақтыққа түсіп қалдым, ақшаларыңызбен алдыңғы турдың шығынын жауып едім, сіздерде тур болмайды, апара алмаймын" деп айтты, - деді жәбірленуші Перизат Мұсабаева.
"Кейбірі шынымен ұшып кетті. Бірақ барған соң олардың не қонақүйі, не тамақ ішетін немесе түнейтін жері жоқ екені анықталды. Бұл қыздың шамамен 15 миллион теңге қарызы бар", - деді Талшын Абай.
Бұл дерек бойынша ірі көлемдегі алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Өзгелерді саяхатсыз қалдырған компания басшысы шетелде жағасын жайлауға жіберіп демалған секілді. Бірақ әуежайдан оны полицейлер күтіп алып, бірден қамауға алды.
"Компанияның жетекшісі ресми түрде күдікті болып танылды. Күні кеше шет мемлекетінен келген сәтте Алматы халықаралық әуежайында ұсталған болатын. Қазір Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабының нормаларына сәйкес, уақытша қамау абақтысына жабылды. Қылмыстық іс аясында 80-ге жуық жәбірленуші бар", деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Енді күдіктінің кінәсі дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Шетелге саяхаттаймын деп жер сипап қалғандар ақшаны қайтаруды талап етеді. Ал тәртіп сақшылары жолдама сатып алар алдында туристік компанияны жіті тексеру керек екенін тағы бір ескертті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!