Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қара теңіздегі оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігі 13 қаңтарда Қара теңізде Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары жасаған шабуылға байланысты алаңдаушылық білдірді.
"Бірқатар еуропалық мемлекеттің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ, америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен жасалған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтап, көмірсутегін тасымалдаудың, соның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажет шаралар қабылдаудың маңызына ерекше мән бердік", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы емес.
"Танкерлердің барлық рұқсаты болған және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Кейінгі кезде мұндай оқиғалар жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін қауіп артып бара жатқанын айғақтайды және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Каспий құбыр консорциумындағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова