Қара теңізде қазақстандық мұнайды алуға бағытталған танкерге соққы жасалды

Қара теңізде қазақстандық мұнайды алуға бағытталған танкерге соққы жасалды
Фото: depositphotos.com

Бүгін Қара теңізде қазақстандық мұнайды алуға бара жатқан Maran Homer атты грек танкеріне шабуыл жасалды. Оқиға туралы Грекияның БАҚ-тары мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шабуыл жасалғанда кеме Ресейдің аумақтық суынан тыс жерде, Новороссийск қаласындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына кіруге рұқсат күтіп тұрған. Танкер қазақстандық мұнайды қабылдауға тиіс болған.

Анықтама: Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – қазақстандық мұнайды экспорттаудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл құбыр арқылы Қазақстаннан мұнай Ресейге жеткізіліп, одан әрі Қара теңіздегі Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалы арқылы экспортқа жөнелтіледі. Осы терминал арқылы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы өтеді.

"Зардап шеккендер жоқ, экипаж аман. Кеменің палубасы мен палубалық жабдықтары аздап зақымданған. Танкер бос болған, қоршаған орта ластанбады. Кеме Новороссийскіден шығып кетті", - делінген хабарламада.

Оқиғаға Грекияның теңіз істері және аралдық саясат министрі Василис Кикилиас пікір білдірді. Министр бұл шабуыл Ресей мұнайына қатысты санкциялардан уақытша босату туралы жақында қабылданған шешімдермен байланысты болуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, кеме Chevron компаниясы тарапынан жалға алынған, Салоники қаласынан шыққан және ешқандай жүк тасымалдамаған. Кикилиас осы оқиғаға байланысты Афина Еуроодақ кеңесі деңгейінде теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігі мәселесін көтеретінін айтты.

"Жаһандық кеме қатынасы болмаса, сауда да болмайды", - деп атап өтті ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget