Десанттық-шабуылдау әскерлері мен арнайы мақсаттағы 177-жасақтың әскери қызметшілері Ауған соғысының батыры Борис Керімбаев тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Батырды еске алуға Борис Керімбаевтың туыстары мен жақындары, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы, өзі алғашқы командирі болған арнайы мақсаттағы бөлімшелер, Құрлық әскерлері әскери институтының және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары жиналды.
Борис Төкенұлы тұрған үйдің жанына Ауған соғысының ардагерлері, "Жас сарбаз" республикалық қозғалысы мен Қара майор атындағы әскери-патриоттық клубтың тәрбиеленушілері сап түзеді. Бұл іс-шараға 1979 жылы Аминнің сарайына шабуыл жасаушы, Ауған соғысының ардагері, бірінші "мұсылман батальонының" командирі, полковник Хабибжан Холбаев арнайы келді.
Митингті Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев ашты. Ол Қара майордың өмірі мен әскери жолы, оның сіңірген еңбегі, Борис Керімбаевтың баға жетпес әскери тәжірибесі туралы айтты.
"Осы ескерткіш тақтаны аша отырып, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен бөлімдерінде Қара майорды еске алу бұрышы құрылғанын айтқым келеді. Жас сарбаздар қызмет етуге келгенде оларға бірінші кезекте батырдың ержүрек әскери және өмір жолы таныстырылады", - деп атап өтті генерал-майор Алмаз Жұмакеев.
Іс-шара гүл шоқтарын қоюмен және салтанатты шерумен аяқталды.
Айта кетейік, Борис Керімбаев - Ауған соғысы кезінде аты аңызға айналған қолбасшы. Ол 1981 жылдан 1983 жылға дейін Ауғанстанда болды. Бір жылға жуық уақыт ішінде оның" екінші мұсылман батальоны" стратегиялық маңызды Панджшер шатқалын ұстап тұрып, күші басым моджахедтермен шайқас жүргізді. 177-жасақтың сәтті әрекеттерінің нәтижесінде моджахедтер осы маңызды бағыттағы қимылдарын тоқтатуға және бітімге келуге мәжбүр болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!