Қостанай облысындағы "Қара бүркіт" (ресми атауы - УК39 мекемесі) түзету мекемесінің өкілдері сотталғандарға ай сайын 181 мың теңге не үшін бөлінетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" өкілінің сөзінше, ай сайын жұмсалатын 181 мың теңгеге барлық шығын кіреді.
"Оның ішінде, мекеме қызметкерлерінің жалақысы, қызметкерлердің іссапар шығыны, коммуналдық қызметтер, азық-түлік, гигиеналық заттар, киім-кешек жабдығы да бар. Сотталғандар күніне үш мезгіл тамақтанады. Мекемеде жалпы 274 адам жазасын өтеп жатыр, оның 180-і өмір бойына сотталған", - дейді ведомство өкілі.
Мекеме өкілінің сөзінше, "Қара бүркіт" мекемесі қызметкерлерінің орташа жалақысы 200 мың теңге екен.
Еске салайық, бұған дейін өмір бойына сотталғандар қандай қылмыс жасағаны үшін сотталғаны айтылған болатын.
"Өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандар жеке тұлғаға қарсы, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтары үшін жазаларын өтеп жүр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адам жегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған", - делінген ресми жауапта.
Мекеме өкілдері, сотталғандардың бір күні қалай өтетінін айтты.
"Сотталғандардың күні мекеме бастығымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес ұйқыдан тұрғызудан басталып, жаттығу жасау, таңғы ас, таза ауада серуендеу, түскі ас, телефонмен байланысу, жақындарымен кездесу, тәрбие іс-шараларын өткізу, соның ішінде мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу, телебағдарламаларды көру, жеке уақыт, кешкі ас және ұйқыға жатқызумен өтеді. Мекеме қызметкерлері сотталғандармен жазаны өтеудің бекітілген тәртібін бұзбау мақсатында күнделікті жұмыс жүргізеді. Одан бөлек, сотталғандардың психоэмоционалдық жағдайын жақсарту мақсатында жеке және топтық түрде психокоррекциялық және психопрофилактикалық жұмыстар жүргізіледі", - дейді ведомство өкілдері.
Сотталғандарға бекітілген кестеге сай жақындарымен телефон арқылы байланысуға 15 минут уақыт беріледі екен.
"Жылына 4 рет берілетін 2 сағаттық кездесуге, оның ішінде, видеобайланыс арқылы кездесуге құқықтары бар. Бүгінде бір сотталған басына ай сайын 181 мың теңге көлемінде қаржылай шығын жұмсалады", - делінген ресми жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!