Қара бетперде киіп, қайырымдылықпен айналысып жүрген жігіт Африка құрлығында орналасқан Гамбия елінің тұрғындарын қуантты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайырымды жігіт бұл жолы Гамбия елінің Brikama ауданы Jalambag ауылына құдық қазып берді. Бұл ауылда 500-ге жуық адам тұрады. Халқының жағдайы нашар. Тұрғындар суды Коби ауданынан тасып ішеді. Елімізде түрлі қайырымдылықпен айналысып жүрген жігіт осы ауыл халқын қуантуды жөн санапты. Ол осыдан бір ай бұрын бұл ауылдан құдық қазуды бастайды.
"Jalambag ауылының халық өте нашар тұрады. Жұмыс жоқ. Суды тасып ішеді екен. Құдықты мешіт маңынан қаздық. 38 метр тереңдіктен шықты. Бір жағынан мешітке келгендерге де жақсы. Дәрет алу үшін суды алыстан тасымайды", - деді бетперде таққан жігіт.
Құдыққа арнайы генератор орнатылған, тұрғындардың су алуына бар мүмкіндік жасалыпты. Құдықтың салтанатты ашылуында қайырымды жігіт балаларды да қуантуды жөн көрген. Оларға доп және ауыл тұрғындарына азық-түлік таратты. Тұрғындардың қуанышында шек болмады.
Көпшілікті қуантып жүрген қайырымды жігіт өзі туралы айтпайды. Мұндай игі іспен екі жылдан бері айналысып келеді.
Айта кетейік, оның бұған дейін қатерлі ісікке шалдыққан баланы қуантқанын жазған едік.
Қайырымды жігіттің бұдан басқа да игі істері көп. Қарт кісілерге, көпбалалы аналарға, жалғызбасты жандарға, науқас балаларға көмек береді. Біріне пәтер алып берсе, енді біріне қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл туралы өзінің Instagram-дағы парақшасына жариялап отырады. Қаржыны халықтан арнайы жинамайды. Көмек беремін дегендер өз еріктерімен аударады. Ал негізгі қаражат өзінен және демеушілерден шығады екен.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!