Бес баласы бар шымкенттік мүгедек жігіт күтпеген жерден тосынсыйға тап болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Арман Шымкент қаласында тұрады. Бес баласы бар. Кіші баласы туа бітті жүректің ауыр дертіне шалдыққан. Ал өзі осыдан бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшырап, аяқ-қолы сынған. Қазір екінші топтағы мүгедек. Тағдырдың қиындығына мойымаған Арман мүмкіндігі келгенше бала-шағасын асырап жүр. Жеңіл көлікті 6 мың теңгеге жалға алып, такси болып қызмет етеді. Өзі қаладағы бір бөлмелі пәтерді 50 мың теңгеге жалдап тұрады. Әйелі үйінде балаға қарайды.
"Кіші балам жүрек ақауымен туылды. Дәрігерлер үш айлық баламның тамағына түтік қойды. Сол арқылы демалады. Қайта-қайта тазартпаса қақырықпен тамағы бітеліп қалады. Аппарат арқылы тазалаймыз. Өзім де көлік апатына ұшырап, аяқ-қолым сынып төсек тартып жатқан кезде жаным қиналған. Қазір баламды ойлаймын. Оның да жаны қатты қиналып жатыр-ау деп. Құдайдан күні-түні баламның сауығып кетуін тілеймін", - дейді Арман көзіне жас алып.
Баланы емдетіп, операция жасату үшін қыруар қаржы керек. Ал күнделікті нәпақасын такси болып тауып жүрген әке көп қаржыны аз уақытта таба алмасы анық. Ал Арманның тілегі аяқастынан орындалды. Қара бетперде киіп, науқас жандарды қуантып жүрген жігіт бұл жолы Арманның арманын орындады.
"Арман туралы ерікті жігіттер айтты. Балаларының бәрі кәмелетке толмаған. Үш айлық баласының жағдайы тіпті ауыр екен. Көп ойланбастан көмек көрсетуді жөн санадым. Баланың емі үшін қаржы апарып бердік", - дейді қара бетперде киген жігіт.
Қайырымды жігіт Шымкентке барып Арманға баланың емі үшін жинаған қаржыны қолына тапсырды. Қаражат қолға тиген соң Арман кішкентайын алып Астанаға аттанып кетті. Қазір "Ана мен бала" орталығында ем алып жатыр.
Қара бетперде киген жұмбақ жігіт Арманды қуантқан видеоны әлеуметтік желіге салды. Бұл желі қолданушыларының ерекше ықыласын туғызды. Бірі бейнежазбаны көріп көз жасын тоқтата алмағанын айтса, енді бірі "бәріміз жиналып мүгедек жігітке көлік алып берейік" деп ұсыныс айтқан. Оқырмандар бетперде киген жігітке алғыстарын жаудырған. "Осы жақсылығыңыз мың еселеп қайтсын", "Осындай жастарымыз көп болсын", "Әрбір оқиғаны көзге жас алмай көру мүмкін емес. Алла разы болсын" деген түрлі ақжарма тілектер жазған.
Еске сала кетейік, бұған дейін жұмбақ жігіттің науқас қызы бар жалғыз басты атыраулық әйелге пәтер алып бергенін, қатерлі ісікке шалдыққан балақайдың еміне ақша беріп, қажылыққа сертификат сыйлағанын жазған едік.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!