Қара алтын бағасы 40 доллар болған кезеңді де бастан өткергенбіз - Байбазаров

Қара алтын бағасы 40 доллар болған кезеңді де бастан өткергенбіз - Байбазаров
Фото: depositphotos.com

Бүгін Мәжілісте министрлер кабинеті мен депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізу кезінде мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 доллар шамасында болжап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек депутаттық сауал жолдап, қазір нарықта мұнай бағасы тұрақты емес екенін жеткізді.

"Жаһандық саясаттың салдарынан қара алтын құны төмендеуі мүмкін. Осы ретте әлемдік нарықта мұнай бағасы 60 доллардан төмен болған жағдайда Қазақстан Үкіметінің бюджет түсімдері мен шығыстарына қатысты болжамы қандай? Осыған байланысты біздің Үкіметтің елді құтқаруға арналған "Б" немесе "С" жоспары бар ма?", - деді депутат.   

Бұл сұраққа Ұлттық экономика министрі Нұрлан  Байбазаров жауап беріп, әлемде мұнай бағасының тұрақты емес екеніне келісетінін айтты.

"Биылғы жағдайды алар болсақ, бюджет мұнай барреліне 80 доллар межесінде бекітілді. Қазір әлемдік қаржы институттарының мәліметі бойынша мұнай бағасына болжам, 75 доллар шамасында деп көрсетілген. Дүниежүзілік банк мұнай бағасы келер жылы 79 доллар шамасында болады деп болжап отыр. Бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп отырады. Министрлік мұнай бағасы 75 доллар шамасында болады деген болжамға негіздеп, бюджетті бекітіп отыр", - деді министр.

Оның айтуынша, егер мұнай бағасы қазіргі жоспарланған межеден төмендеп кетсе, мысалы, 60 доллар болған кезде бюджеттік параметрлерді қайта қарайды.

"Біз кезінде қара алтын бағасы 40 доллар болған кезеңді де бастан өткердік. Егер осындай жағдай қайтадан басымызға келетін болса, Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар қабылдауға дайын. Ондай жағдайда барлық шығындарды қайтадан оңтайландыру туралы шара қабылдаймыз. Ең бастысы, экономиканы тұрақтандыруға басымдық берілуі тиіс", - деді Нұрлан Байбазаров.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

E. Aitkazina