Жатақханада тұратын студент қыздар далада қар тазалап жүрген қызметкерлерге алғысын білдіріп, терезеден тәттілер берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жатақхана есігі түнде жабық болатындықтан, қыздар қар тазалап жүрген адамдарға тәттілерді терезеден беруді жөн көрген.
"Суық күнде қар тазалап жүрген аға-апаларды көріп, алғыс білдіргіміз келді. Жатақхананың 3-қабатында тұрып, қалай шақыратынымызды білмей, бар даусымызды шығарып дауыстадық. Басында ешқандай ойымыз жоқ, кәмпит береміз деп ойлағанбыз. Онымен кәмпиттерді бергенде тас лақтырғандай боламыз ғой деп, оны пакетке салып берейік деп ойладық. Бауырсақ пісіргеніміз есімізге түсіп, оны да бірге салып бердік. Алғысымызды қағазға жазып жібердік. Сіздерге мың да бір алғыс", - деп жазылған видеода.
Бұл видеодағы қыздардың мейірімді әрекеті Желі қолданушыларын тәнті етті.
"Мейірімді ұрпақтарымыз көп болсын", "Мейірімділік әлемді құтқарады", "Неткен керемет", "Осындай қыздарды дүниеге әкелген ата-аналарына мың алғыс", - деп пікір қалдырды Желі қолданушылары.