Қазақ - ырымға бай халық. Кейбір үйлерде жоғарыда жілік ілініп тұрғанын көрген боларсыз. Алайда оның не мағына беретінін көп адам түсіне бермейді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибізия Қалшабаева Massaget.kz тілшісіне кәрі жілікті жоғарыға іліп қоюдың мән-мағынасын түсіндіріп берді.
Бибізия Қалшабаеваның сөзінше, мал жілігінің әрқайсының қонаққа берілетін орны бар. Әлі күнге дейін осы тәртіп сақталып келе жатыр.
"Кәрі жілік сол шаңырақтың құты, берекесі, ырысы деп саналған. Сондықтан кәрі жілікті қонақтарға ұсынбаған. Оны көбіне үй иесіне береді. Үй иесі оны жақсылап мүжігеннен кейін үйдің босағасына іліп қояды. Оның мәні - шаңырақтың құты, берекесі басқаға кетпесін деген ой", - дейді профессор.
Этнограф кәрі жіліктің тағы бір функциясы туралы айтты.
"Ол малды қорғайды деген де сенім болған. Сондықтан кәрі жілікті қораға да іліп қоятын болған. Оның мақсаты - малды қорғау, ұры-қарыдан, жыртқыш аңнан, басқа да қауіп қатерден сақтап тұрады деген ой болған", - деп түсіндірді маман.
Профессордың сөзінше, кәрі жіліктің тағы бір қызметі - ертеде жауға немесе жолға шыққан ер адамдарды қорғау болған.
"Жолаушыға кәрі жіліктің сүйегін ер тоқымға байлап беретін болған. Бұл жолаушыны қорғау мақсатында жасалатын ғұрып. Кәрі жілік ер жігітті қырық жолдан қағады дейді. Сондықтан ол жолаушының жолы ашық болуына, қауіп-қатерден сақтауға әсер етеді", - дейді профессор.
Кәрі жіліктің атқаратын қызметі мұнымен бітпейді. Оны ертеде балалардың құлағынан бұлық аққан кезде де пайдаланған.
"Балаларда кішірек кезінде суық күндері құлағынан бұлық ағатын кездер болады. Сол кезде кәрі жілікпен бірге жан-жағында бірнеше тесігі бар тастың саңылауынан жіп өткізіп, босағаның оң жағына ілетін болған. Ол тасты бұлық тас деп атайды. Одан бөлек, үйдің төріне түйенің қос кәрі жілігін ақ матадан дорба жасап, салып іліп қоятын. Оны балалар кәрі жіліктей қарт жасқа жетсін, ұзақ өмір сүрсін деген оймен ілетін болған. Ол үшін баланы кәрі жілікпен бірге шомылдырады", - дейді Бибізия Қалшабаева.
Этнографтың сөзінше, кәрі жілікті жас қыздар мен жігіттерге ұстатпайды.
"Әсіресе қыздар кәрі жілікті ұстаса тұрмысқа шықпай қалады деген ұғым болған. Босанатын әйелдердің айналасына да үйдің төбесінде ілініп тұрған кәрі жіліктерді әкеліп қоятын болған. Кәрі жіліктерді санаған жүкті әйелдің толғағы жеңіл болады деген сенім болған. Қорыта айтқанда, кәрі жілік қорғау функциясын атқарады", - деп түсіндірді профессор.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!