"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша, 14 наурыз күні сағат 16.00-ден 15 наурыз күнгі сағат 04.00-ге дейін Алматы қаласында биіктігі 8-10 см қар аралас жауын-шашын болады деп күтілуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала бойынша жайлы қозғалысты қамтамасыз ету үшін коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.
"Күндізгі уақытта қар тазалау жұмыстарына 463 бірлік техника, 18 мотопомпалар және 1012 жол жұмысшылары жұмылдырылды. 89 бірлік арнайы техника мен 320 жұмысшының күшімен көлденең арық желілерін тазарту жұмыстары аяқталуда. 14 наурызда түнгі уақытта 320 м3 қар шығарылды. Қысқы кезеңде барлығы 367,3 тыс. м3 қар шығарылды", - делінген хабарламада.
Қала тұрғындарына ауа-райына байланысты бірнеше ескерту жарияланды.
"Қардың түсуіне, жолдың нашар көрінуі және жолдардағы көктайғақ құбылыстарына байланысты автокөлік жүргізушілерінен жылдамдықты азайтуды, тежеуге бірден жүгінбеуді, қашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауды сұраймыз. Жүргізушілерге ағаштардың құлау қаупі мен электр желілерінің үзілуіне байланысты көліктерді жол жиегіне қоймауға кеңес беріледі. Жаяу жүргіншілер тротуарлармен жүру кезінде абай болулары тиіс, белгіленген жерлерде көшелерді кесіп өту керек", - делінген хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!