Қыс мезгілінде көздің көру қабілеті нашарлауы мүмкін бе? Көпшілігіміз қардың аппақ жамылғысынан шағылысқан жарықты байқамаймыз. Алайда бұл көзге үлкен салмақ түсіреді. Қар сәулесі ультракүлгін жарықты екі есеге күшейтіп, көздің шаршауына, тіпті уақытша "қар соқырлығына" әкелуі мүмкін. Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.
Қардың беті күн сәулесін кері шағылыстыратын айна тәрізді қызмет атқарады. Әсіресе күннің ультракүлгін (УК) сәулелері қардан екі есе күшейіп, көзге тікелей әсер етеді. Мұндай әсер "қар соқырлығы" немесе фотокератит деп аталатын уақытша көз ауруына әкелуі мүмкін. Бұл туралы офтальмолог маман Балжан Әміртаева баяндап берді.
Қар УК-сәулелердің 80-90%-ын қайта шағылыстырады. Бұл - жазда теңіз жағасында немесе күн астында жатқаннан да көзге екі есе көп сәуле түскендей әсер беруі мүмкін деген сөз. УК-сәулелер көздің қасаң қабығын (роговица) зақымдап, оның тітіркенуіне, қызаруына және ауырсынуына әкеледі.
Бұл жағдай көздің күйіп қалғанымен бірдей әсер етеді. Қасаң қабықтың жасушалары ультракүлгін сәулелерден зақымданып, көзде құм немесе бөтен зат түскендей сезім тудырады. Симптомдары: көздің қызаруы, жас ағу, жарыққа сезімталдықтың артуы, көру қабілетінің уақытша төмендеуі.
Жалпы қардың қатты жарықты шағылыстыруы көздің қатты шаршауына әкеледі. Көздің бұлшықеттері үнемі жиырылып, шиеленісіп тұрады, бұл көру айқындылығын төмендетеді.
Ұзақ уақыт қарда жүру кезінде жарыққа бейімделу қиындап, адам жақын немесе алыс заттарды анық көру қабілетін уақытша жоғалтуы мүмкін.
Қысқамерзімді әсерлерден бөлек, ультракүлгін сәулелердің ұзақ уақыт әсер етуі катаракта сияқты көз ауруларының даму қаупін арттырады.
Маман бұл қауіптің алдын алу үшін бірнеше кеңес ұсынды.
Күннен қорғайтын көзілдірік кию: Ультракүлгін сәулелерді бөгейтін (UV 400) арнайы көзілдірік кию - ең тиімді әдіс.
Қарлы ортада ұзақ жүрмеу: Қарлы жерде ұзақ уақыт өткізетін болсаңыз, үзіліс жасап, көзді демалдырып отыру қажет.
Тауға арналған көзілдірік қолдану: Тауда немесе қарлы ортада арнайы шаңғы көзілдірігін пайдалану көзді толықтай қорғайды.
"Бұл мәселені қазір көп адам елей бермейді. Еренсіз бола берсең, қар адамды соқыр қылу да мүмкін. Қарлы ортада ұзақ уақыт өткізетін адамдар (шаңғышылар, сноубордшылар, тауда демалушылар), қар тазалаушылар мен құрылысшылар әсіресе бұл нәрсеге аса мән беруі керек. Балалар да есте сақтағаны жөн. Өйткені олардың көз тіндері ересектерге қарағанда сезімтал келеді", - деп пікір білдірді офтальмолог.
Қардан бөлек, қысқы суық та көзге әсерін береді. Бұл туралы "Investigative Ophthalmology & Visual Science" медициналық журналында көз дәрігерлері жазып көрсетті. Олардың сөзінше, суық және желді ауа райы көз алмасының алдыңғы бөлігін (конъюнктивит) жабатын қорғаныс қабықшасының құрылымын өзгертеді.
Зерттеулерге сәйкес, ғалымдар мейбомия бездерінен бөлінетін липидті зат қабақтың температурасы 30 градустан төмен түскенде қатаяды деген қорытындыға келді. Бұл көз алмасының кейбір аймақтарының желдің және әртүрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарының әсеріне өте сезімтал болуына әкеледі. Мейбом бездерінің түтіктері мұздатылған секрециямен бітеліп қалады, бірақ көз алмасының температурасы жоғарылағанда оның консистенциясы бастапқы қалпына келеді.
Суық ауа райында желден қорғау үшін офтальмологтар мейбомия бездерінің секрециясының шамадан тыс булануын болдырмайтын және табиғи дене жылуын сақтай отырып, көздің айналасында ыңғайлырақ температура аймағын жасайтын қауіпсіздік көзілдірігін киюді ұсынады.
Қоса кетейік, көп жағдайда қар соқырлығы уақытша сипатқа ие. Ол 24-48 сағат ішінде өтеді. Бірақ ауыр жағдайларда көздің қасаң қабығы қатты зақымданып, инфекция қосылып кетуі мүмкін.
Қазір еліміздің көп аймағында қар жауып, аязды күндер келеді деген болжам бар. Сол себепті көру қабілетіңізді сақтаймын десеңіз, қыстыгүні де көзіңізден көзілдірік тастамағаныңыз абзал.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!