Instagram-да Beta Tea шайының қаптамасынан белгісіз ақ капсулалар табылғаны туралы видео тарады. Автордың айтуынша, бұл - адамды өлтіретін ұсақталған таблеткалар. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Beta Tea фирмасының қаптама шайындағы ақ "таблеткалар" туралы хабарламаларды Ресей тұрғындары 2020 жылы таратқан. Бұл өндірушінің шайы Қазақстанда да сатылатындықтан, бұл роликтер елімізде де жарияланып жатыр.
Аса қауіпті таблеткалар туралы видео 2020 жылы жоққа шығарылған. Шай пакеттеріндегі ақ бөлшектер таблетка емес, хош иістендіргіштер. Олардың көбі ұшпа қосылыстар және аз уақыттың ішінде жойылады. Шайдың хош иісін ұзақ уақыт сақтау үшін хош иісті қоспалар ақ түсті крахмалмен біріктіріледі. Дәл осы түйіршіктерді қолданушылар таблетка деп қателескен.
Айта кетейік, Қазнетте таралған видеода қолданушылар "лимон және жалбыз" хош иісі бар шайды тексереді. Ал Рунетте танымал болған басқаларында бергамот қосылған шай пакеттері ашып көрсетіледі.
Хош иістендірілмеген шай көрсетілген "таблеткалары" бар роликтер жоқ. Қорыта айтқанда, видеода белгісіз қауіпті таблеткалар емес, пакеттелген шайдың бөлігі ретінде крахмалға қосылған хош иістендіргіштің түйіршіктері көрсетілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!