Қаныш Әбубәкіров Қарулы Күштер Бас штабының бастығы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының өкімімен Қаныш Асанханұлы Әбубәкіров Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген Ақорданың хабарламасында.
Қаныш Әбубәкіров туралы не белгілі?
Қаныш Асанханұлы 1977 жылы 12 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылында дүниеге келген. ҚР Қарулы күштері Әскери академиясын және Ұлттық қорғаныс университетін бітірген.
Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде десанттық-шабуылдау батальоны барлау ротасы барлау тобының командирінен Қорғаныс министрінің орынбасарына дейінгі жолдан өтті.
Штаб бастығы - 61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары, 22750, 25744, 61993 әскери бөлімдерінің командирі қызметін атқарды.
Әр жылдары Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары – жауынгерлік дайындық басқармасының бастығы, штаб бастығы – Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, Бас штаб бастығы - Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды.
Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары болды.
II дәрежелі "Айбын", II дәрежелі "Даңқ" ордендерімен және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz