Қаңтардағы ҰБТ: 111 адамның нәтижесі жойылды
Ғылым және жоғары білім министрлігі қаңтардағы ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ның екі аптасында 79 мыңнан астам адам тест тапсырды. Шекті балды 70 пайызға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл - 65. Ең жоғары балл – 137, оны екі оқушы жинады.
Тестке қатысушылардың 76,8 пайызы қазақ тілінде, 23,1 пайызы орыс тілінде, 46 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Талапкерлердің басым бөлігі, 16,9 пайыздан "Математика-Физика" және "Биология-Химия" пәндер комбинациясын тапсырды. 10,3 пайызы "Шығармашылық емтихан" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация - "Химия-Физика", оны 105 адам тапсырған.
"Қазіргі таңда 111 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 70 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 41 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ", - деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Еске салайық, қаңтар ҰБТ-сы 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 167 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан