Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қару қолдану арқылы билігін асыра пайдаланды деп айыпталған (ҚК 451-бабы 2-бөлігінің 1 тармағы) әскери қызметші Арман Жұманның ісін апелляциялық тәртіпте қайта қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін кассациялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымы мен прокурордың наразылығы негізінде апелляциялық сот алқасы үкімінің күшін жойып, екінші сатылы сотқа қайта қарауға жолдаған.
Қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған.
Оқиға былай болған.
2022 жылы 7 қаңтар сағат 19.30 шамасында сотталушы Жұман блокбекетте қарамағындағы әскери қызметшілерге бекетке жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату жөнінде заңсыз бұйрық берген.
Салдарынан 2017 жылы туған жас бала оқ жарақатынан қайтыс болып, 2006 жылы туған тағы бір балаға 5 оқтан денсаулығына ауыр зиян келді.
Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындысы және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Әскери соттың сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа үкім шығарды.
Оған сәйкес ҚК 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Жұман кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!