- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаңтар оқиғасынан кейін...
Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған 11 полицей тағылған айыппен келіспей отыр
Алматыда Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған 11 полицей тағылған айыппен келіспей, наразылық білдірді, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, уақытша ұстау изоляторының 11 қызметкері "ұсталған адамды азаптап өлтірді" деген күдікке ілінген.
Қайғылы оқиға күні кезекшілікте болған күзетшілер қазір арнайы прокурорларға жауап беріп жатыр. Алайда, кінәсін ешқайсы мойындап отырған жоқ. Айтуларынша, жаппай тәртіпсіздіктерден кейін абақтыға қамалғандардың көбі ауыр жарақатпен келген. Міндетіміз тек күзету болды деген олар, қамаудағыларды азаптауға қатыспағанын дәлелдегілері келеді.
Алматыдағы уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері Медеу аудандық прокуратурасына күнде келеді. Себебі, мұнда қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, түрмедегі азаптаудан өлген адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
"9 қаңтарда қабылданған адам 11-і денсаулығына шағым айтқан соң кезекші жоғары көтеріп, жедел-жәрдем шақырады. Жедел жәрдем келемін дегенше ол адам жүріп кетті. Енді "сол адамды сендер азаптап өлтірдіңдер" деп бізден көріп отыр. Ал біз тергеу әрекетіне қатыспаймыз, тергеуші немесе жедел уәкіл емеспіз. Біздің міндет адамдарды қабылдау және күзету", - дейді Арнат Мейраділов.
Наразы топ жаппай тәртіпсіздік кезінде қамалғандардың дені ауыр жарақатпен келгенін айтады.
"Бізге дейін ұрып-соғылғандары түсірілген фотоларды, айғақтарды тергеуге көрсетіп келеміз. Бірақ бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ. Қаңтар оқиғасында қамалған куәгерлер танымаймыз, көрмедік деп отыр", - дейді Аян Елубеков.
Таяқ жегендердің қызметкерлерді танымаймыз деуіне негіз де жоқ емес. Өйткені, тәртіп сақшыларының бәрі бетпердемен жүрген. Оны тергеу ісімен айналысып жатқан прокурорлар да талай рет айтты.
Бас прокуратураның мәліметінше, қаңтардағы бейберекетсіздіктен кейін уақытша ұстау және тергеу изоляторына қамалған алты адам қинау мен ұрып-соғуға шыдай алмай көз жұмған.
Тергеу барысында күдіктілерге күш қолданған құқық қорғау және арнайы органдардың 9 қызметкері қазір қамауда отыр. Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаптау дерегі бойынша 170 іс тергеліп жатқанын, оның 23-і прокуратураға жолданғанын айтты.
Г. Досымшалова