- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаңтар оқиғасына қатысушының...
Қаңтар оқиғасына қатысушының өлімі: Алматыда тергеу изоляторының 7 қызметкері сотталды
Алматыда қаңтар оқиғасына қатысушының өліміне қатысты тергеу изоляторының 7 қызметкері сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алмалы аудандық соты Алматы полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне қатысты істі қарады. Оларға өлім түріндегі ауыр зардапқа әкеп соққан, басқа тұлғаларға зиян келтіру мақсатында билігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық қолданды, қызметте әрекетсіздік танытты деген айып тағылған. (ҚК-нің 146 б., 3 т., 370 б., 4 т., 1 т.).
2022 жылғы 9 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдік бойынша жәбірленуші А. Алматы қ. ПД УҰИ-ға жеткізілген.
"2022 жылғы 12 қаңтарда УҰИ камерасындағы жәбірленуші А. камераның есігін жұдырығымен, аяғымен соғып, тергеушіні шақыруды талап еткен. УҰИ бекетінде қызметте болған сотталушылар – А. және Т. кезекші Е.-ге бұл жағдайды мәлімдеген, содан кейін Е., А. және Т. резеңке таяқшаларын алып, камераға қарай бет алған. Жәбірленуші А. алюминий қасықты алып, оларға қарай сермеген, сотталушылар оны соққыға жыққан, сосын жәбірленушіні тексеру бөлмесіне сүйреп апарып, төртеуі ұрып-соғып, қорлауды жалғастырған, ал біреуі осы жайтты жай ғана бақылап, әрекетсіздік танытқан. Ұрып-соғуды аяқтаған соң сотталушылар жедел жәрдем шақырған. Келіп жеткен жедел жәрдем бригадасы жәбірленуші А.-ның өлімін белгілеген", - делінген хабарламада.
Сотталғандардың қарауында жас балалардың болуы осы іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылды.
Алты тұлғаға 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қызметте әрекетсіздік танытқан бір тұлғаға 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сотталғандардың барлығына қосымша жаза – мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқықтарынан айырылды. Сондай-ақ олар арнайы атақтарынан айырылды.
Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 20 000 000 теңге сомасында моральдық залал өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан