Жамбыл облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін айыпталған кәмелетке толмаған әрі қайтыс болған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2022 жылы 6-қаңтарға қараған түні сотталушы (қайтыс болған) О. Таразда қирату, бұзу және қалалық әкімдік ғимаратының мүлкін жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқан. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің өміріне қол сұғу мақсатында О. олардың ғимараттан кетулерін талап етіп, "әкімдікпен бірге өртеп жіберемін" деп қорқытқан", - делінген ведомство хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, марқұмның кінәсі осы іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, куәлердің айғақтарымен, сот-медициналық, сот-биологиялық, сот-медициналық-криминалистикалық, сот-баллистикалық сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ, сурет бойынша тану хаттамасы мен істің басқа да материалдарымен дәлелденген.
Сотта прокурор сотталушы қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамай, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін кінәлі деп тануды сұраған. Ал сотталушының өкілі тағылған айыпты мойындамай, істі қайта қарауды сұраған.
Сот марқұмның кінәсі дәлелденген деп танып, қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамай, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін кінәлі деп таныған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда қаңтардағы оқиға бойынша сот өтіп жатқаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!