- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаңтар оқиғасы кезінде...
Қаңтар оқиғасы кезінде азаматтарды азаптаған күштік органдардың 35 қызметкері жазаланды
Қаңтар оқиғалары кезінде азаптаулар бойынша 11 қылмыстық іс тергелген. Бұл туралы Бас Прокурордың орынбасары Болат Дембаев "Азаптаулар туралы істерді тергеудің өзекті мәселелері" тақырыбындағы дөңгелек үстелде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеудің нәтижелері бойынша 84 азаматқа қатысты азаптау жасаған күштік органдардың 35 қызметкері қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
9 адам нақты бас бостандығынан айырылған, басқалары бойынша сот талқылауы жүріп жатыр.
"Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда, Алматы облысында бейнебақылау жазбаларын сақтау серверлерінің әдейі жойылуы құқық бұзушылықтарды анықтаудағы маңызды проблемалардың бірі болды. Арнайы прокурорлар бұл жазбаларды қалпына келтіре алды. Кейіннен оларды азаптауларды қолданудың негізгі дәлелі ретінде пайдалана білді", - делінген хабарламада.
Талқылау барысында құқық қорғау органдарына жеткізілетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қозғалды.
"Қылмыстық қудалау органдарында азаптауларды қолдануға жол бермеу мақсатында барлық жерлерде бейнебақылау орнатылған. Алайда прокуратураның тексеруімен қылмыстық қудалау органдарының бейнебақылау жүйелерімен қамтылмаған 6 159 көзге көрінбейтін учаскелер мен үй-жайлар анықталды. 937 камера жұмыс істемейтін болып шықты. Қазір бұл кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылданып жатыр", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Сондай-ақ бұл бағытта басшылар мен қызметкерлердің азаптаулардың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттемелері және оларға жол бергені үшін жауапкершілікті нақты реттеу болмаған.
Қазіргі кезде тиісті нұсқаулық қабылданып, сеніп тапсырылған бөлімшеде азаптауларға жол бергені үшін басшылардың тіпті қызметтен босатуға дейін жауапкершілігі көзделген шектеулер белгіленді.
Ал адвокаттар қауымдастығы қылмыстардың іздерін тиімді бекіту үшін, азаптаулар туралы істер бойынша прокуратура органдарының жүйесінде криминалистикалық бөлімше құру туралы ұсыныс енгізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан