Қаңтар оқиғасы: Жаппай тәртіпсіздікте қираған ғимараттарға қанша теңге жұмсалды?

Қаралы қаңтар оқиғасы кезінде елімізге айтарлықтай шығын келтірілді. Зардап шеккен жеке кәсіпкерлердің ғимаратынан бөлек, ресми органдардың да ғимараттарына шабуылдар жасалып, мародерлік әрекеттер болды. Massaget.kz тілшісі жаппай тәртіпсіздіктер болған негізгі қалаларда зардап шеккен ғимараттардың салдарын жоюға қанша жұмсалғанын арнайы сауыл жолдап, анықтады. 

Алматы

Қаңтар оқиғасы кезінде ең көп шығын келіп, ғимараттар зақымдалған қала - Алматы. Оңтүстік астанада әкімдік ғимараты өртеліп, Президент резиденциясы басып алынды. Одан бөлек түрлі дүкен мен сауда орталықтары, кеңселер мен банкоматтарға шабуыл жасалды.  

Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Республика алаңы мен қалалық әкімдік - Қаңтар оқиғасының эпицентрі болғандай. Әкімдік ғимаратының "қаңқасы" қалғанымен ішін түгел өртеніп кетті. Биыл 4 қазанда ғимарат қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда

Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022 жылдың ақпан айында басталған болатын. Алғашында 5-6 айда қалпына келтіру аяқталады дегенмен, нысанты толық реконструкциялауға өртенген сәттен бастап 1 жыл 9 ай уақыт кетті. Мемлекеттік бюджеттен 17 миллиард теңге жұмсалған. 

Фото: Алматы әкімдігінен

Алматы қаласының құрылыс басқармасы екі нысан – қала әкімі аппараты мен "Қазақстан" РТРК" АҚ медиа орталығының ғимаратын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы әкімдік өкілдері Massaget.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтты. 

Қазір әкімдік ғимаратын реконструкциялау 95 пайыз аяқталған. Биыл қаңтар айында 4 павильонды тапсыру жоспарда. Нысанның жалпы ауданы 33 мың шаршы метрден асады. Реконструкциядан кейін кабинеттің ауданы өзгермеді. Ғимаратта барлығы 700 орынға есептелген 360 кабинет бар.

Одан бөлек, "Қазақстан" РТРК" АҚ медиа орталығының жаңа ғимаратының құрылысы әлі жүріп жатыр. Қазір 1-кезең бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.


"Қазақстан" РТРК" АҚ медиа орталығының қираған күйі. Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Бұл нысанның жалпы құны - 26,3 миллиард теңге. Ғимараттың 8,4 мың шаршы метр болатын құрылысын осы жылдың 4-тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Шымкент 

Шымкент қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік ғимаратының жанында және қала алаңдарында митингілер өтті. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 4 қаңтарда Жаңаөзендегі наразылық толқуларының аясында Шымкент тұрғындары әлеуметтік желілерді пайдаланып, әкімдік ғимаратының жанында және қала алаңдарында рұқсат етілмеген акцияларды ұйымдастырған.

Жалпы 6 мыңға жуық адам алаңға шығып, қалалық әкімдік ғимаратының маңына жиналып, полицейлерге қолына түскен затпен шабуыл жасаған. Полиция департаментінің мәліметінше, олардың қолында арматура, металл ломдар, күрек пен пышақ болған. 

Келесі күні көшеге шыққандар саны 8 мыңға жетіп, қалалық әкімдікке қарай беттеген. 

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаланың 4 ғимаратына залал келтірілген. Оларды қалпына келтіруге 926 271,7 мың теңге қаражат қаралды.

Оның ішінде, 50 034,7 мың теңгесі 3 ғимараттың ағымдағы жөндеу жұмыстарына, 876 237 мың теңгесі 1 ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған.

Ақтөбе 

2022 жылдың 4-7 қаңтар аралығында Ақтөбеде де митингілер жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Оны ұйымдастырушылар полицейлерге қатысты күш қолдана отырып, облыс әкімдігінің ғимаратын басып алып, мемлекеттік мүлікті бүлдірген. Жалпы 230 миллион теңге шығын келді. Сонымен қатар Ақтөбе қаласы әуежайының жұмысы тоқтап, әуе ұшулар тоқтатылды.

Фото: Ақтөбе облысыны Полиция департаментінен

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимараты ғана зардап шеккен. Атап айтқанда: кіреберіс топта орналасқан бейнебақылау камералары және 1қабаттағы қызметкерлердің кеңселерінің ағаш есіктері зақымдалған. Сонымен қатар, ғимаратта орналасқан кеңсе жабдықтары мен басқа да мүліктер бүлінген/ұрланған.

Әкімдік мәліметінше, барлық зақымдарды жою, жаңа ұйымдастыру техникасын сатып алу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 212 536 600 теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Massaget.kz редакциясы тәртіпсіздіктер болған Орал, Астана, Қарағанды, Ақтау қалаларындағы әкімдіктерден де келтірілген шығындарға қатысты сұрау салды. Ресми органдардың мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде бұл қалаларда ғимараттарға зақым келмеген. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!